Түркістан облысында интернет-алаяқтарға ұрынғандар 1,6 млрд теңгесінен айырылған

Фото: Pixabay.com

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста өткен жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 843 қылмыс дерегі тіркеліп, салдарынан жәбірленушілерге 1 млрд 665 млн теңгеден астам шығын келген.

Өңірде қылмыстың бұл түрі жылдан жылға көбейіп отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 567 қылмыс тіркелген. Ал 2024 жылы 598 қылмыс анықталып, сол жылы жәбірленушілер шамамен 1 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермек Шәкімнің мәлімдеуінше, тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстарының ішінде ең жиі кездесетін тәсіл — банк қызметкері, құқық қорғау органдары, байланыс операторлары мен пошта қызметкерлері атынан қоңырау шалу.

Аталған әдіс бойынша өткен жылы 340 дерек анықталған. Сондай-ақ инвестиция салу сылтауымен алдау фактілері бойынша 98 жағдай тіркелген.

— Ал интернет-дүкендер мен онлайн-платформалар арқылы тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасау («Wildberries», «TEMU», «Колеса», «Крыша», «OLX» және өзге де сервистер) деректері 255 жағдайды құраған. Бұдан бөлек, мессенджерлер арқылы танысының атынан ақша сұрау бойынша 49 дерек, ұтыс ойындарына қатысты 47 дерек және интернет-алаяқтықтың өзге де түрлері бойынша 54 дерек анықталды, — деді спикер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, интернет алаяққа 32 млн теңге несие алып берген ерлі-зайыпты оқиғасын айтып берді.