Түркістан облысында қар құрсауында қалған 1000-ға жуық жолаушы құтқарылды

Фото: "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі

Қатты жел мен қарлы боран салдарынан Түркістандағы облыстық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды Kazinform. 

Боран мен қатты аяздан Түркістан облысындағы 9 облыстық, 1 республикалық маңызы бар автомобиль жолы жабылды. Құтқарушылар жолда қалған 1000-ға жуық адамды эвакуациялаған. Жолаушылар жылу бекеттеріне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

«Республикалық маңызы бар автожолда 3 жылыту пункті дайындалды. Қазіргі таңда департаментте штаб құрылып жедел желі жұмыс істеп жатыр», - делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан алдын Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жолда 300-ден астам жүк көлігі қар құрсауында қалғанын жазған болатынбыз.

Өңірде жолдар жабылып, мектептер онлайн оқытуға көшті.

Сондай-ақ Түркістан облысындағы трассаларда 4 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.