Түркістан облысында қол күресінен 13 дүркін әлем чемпионы сайлауда өз таңдауын жасады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қол күресінен 13 дүркін әлем чемпионы Нұрдәулет Айдархан Шардара ауданындағы №849 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген спортшы саяси науқанға қатысу әр азаматтың қоғамдық жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті.

– Спортта жетістікке жету үшін табандылық пен жауапкершілік қажет. Қоғамдық өмірде де әр азамат осындай белсенділік танытуы тиіс. Сайлау – өз таңдауымызды білдіріп, ел өміріне араласудың маңызды мүмкіндігі. Баршаңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділік танытуға шақырамын, – деді әлем чемпионы.

Айта кетейік, Шардара ауданы бойынша 33 сайлау учаскесі құрылған. Онда 43 486 дауыс беруші тіркелген. Ерекше жағдайды қажет ететін мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандағы барлық дауыс беру учаскелері бірінші қабатқа орналастырылып, толығымен пандустар орнатылған.

Бұған дейін Азия ойындарының күміс жүлдегері Аделина Земс сайлауға қатысқанын жазған едік.