Түркістан облысында салынғанына бір жыл толмаған ғимараттың қабырғалары жарыла бастады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сайрам ауданы Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің ғимараты пайдалануға берілгеніне бір жыл толмай жатып, қабырғаларында жарықтар пайда болған.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған ғимараттың құрылысын 2024-2025 жылдар аралығында мердігер ұйым — «Дәулет» ЖШС жүргізген.
— Нысанға жүргізілген тексеру барысында қабырғаларда жарықтар мен ойықтардың пайда болғаны, сондай-ақ ішкі қабырғалардың шөгу фактілері анықталды. Осыған байланысты таяуда мердігер мекемеге кемшіліктерді жою және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берілді, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.
Сонымен қатар, мамыр айына дейін құрылысты ретке келтіру бойынша мердігер ұйымнан кепілдеме алынған.
Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою үшін мердігер ұйымды міндеттеу бағытында заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Бұдан бұрын Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Әйтеке би ауылында көпір маңындағы су арнасы аудандық маңызы бар автомобиль жолына қауіп төндіріп тұрғанын жазған едік.