Аталған елдімекенде газбен қамту жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл наурыз айында аяқталған. Газ беру рәсіміне аудан әкімі де қатысқан. Алайда жергілікті халық жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстары келісімшарт талаптарына сай орындалмағанын айтады.
Ауыл тұрғыны Марат Абдалимовтың сөзінше, кейбір металл тіректерде құбырларды бекітуге арналған хомуттар орнатылмай, сыммен байланған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймағындағы құбырлардың биіктігі талапқа сәйкес келмейді әрі тіректер арасындағы қашықтық та сақталмаған.
— Көктемгі жауын-шашын кезінде қазылған орындардың бәрі суға толды. Әлі күнге дейін қазылған жерлер ашық қалып, балалар мен малға қауіп төндіріп отыр. Тіпті кейбір орнатылған газ құбырларының ішінен су аққанын көрдік. Бұл құбырлардың іші толық тазаланбаған. Көше қиылысындағы су құбырларымен арақашықтық та сақталмаған, небәрі 30 сантиметр. Ал бұл арақашықтық 1,5 метр болуы тиіс. Оның үстіне жұмыс барысында 5-6 рет мердігер мекеме ауысты. Біздің талап — жұмысты сапалы әрі талапқа сай аяқтап беру, — деді ол.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс барысында жауапты тұлғаларға бірнеше рет ескерту айтылғанымен, олардың ұсыныстары назарға алынбаған. Соған қарамастан, газ желісі құжат жүзінде талапқа сай деп танылып, пайдалануға қабылданыпты.
Тұрғындар мердігер компаниямен жасалған келісімшарттағы талаптардың толық орындалмағанын айтып, аудандық прокуратураға арызданған. Бірақ құзырлы орган тарапынан әлі күнге дейін нақты жауап болмаған.
Осы мәселегеге байланысты Kazinform тілшісіне Мақтаарал ауданы әкімдігі ресми түсінік берді.
Әкімдік мәліметінше, Тәңірберген Жайлыбаев елдімекеніндегі газбен жабдықтау желісінің құрылысына бюджеттен 730,2 млн теңге бөлінген. «Ынтымақ Бес-Арыс» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілген.
— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен мердігер мекеме арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, нысанға 5 жыл кепілдік мерзімі қарастырылған. Осыған байланысты кемшіліктерді жою мақсатында мердігер мекемеге тиісті хат жолданды. Анықталған ақаулар 30 маусымға дейін толық қалпына келтіріледі, — деп хабарлады аудан әкімдігі.
Бұдан бұрын Түркістан облысында құрылысы бітпеген пәтерлерге төленген 200 млн теңге бюджетке қайтарылғанын жазған едік.