Видео авторының айтуынша, кадрларда көрсетілген жол ауруханаға апаратын негізгі бағыттардың бірі. Оның сөзінше, жолдың ой-шұңқыр болуына байланысты өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің қатынауы қиындаған. Осыған байланысты медицина қызметкерлері жолды өздері жөндеуге кіріскен.
Бейнежазбада жедел жәрдем қызметкерлерінің күрек ұстап, жолдағы шұңқырларды жөндеп жүргені көрінеді. Желі қолданушылары медицина мамандарының жол жөндеумен айналысқанына наразылық білдірді.
Осы жағдайға байланысты Қазығұрт ауданының әкімдігі түсінік берді.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта аудан бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекендердің ішкі көшелеріндегі шұңқырларды жамау, сондай-ақ жол жамылғысындағы ақауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— «Жарық-Жол және саябақтары» МКК-нің тапсырысы негізінде аталған жұмыстарды мердігер «Titan Build Company» ЖШС атқарып жатыр. Анықталған ақаулар кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі, — делінген аудан әкімдігінің ақпаратында.
Сондай-ақ әкімдік жол жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланғанын хабарлады.
Бұған дейін Түркістан облысында жөнделген жол екі айға жетпей ойыла бастағанын жазған едік.