Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім инженері Фурхат Жолдасовтың айтуынша, суға кету оқиғаларының басым бөлігі арнайы жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда тіркеледі.
— 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста судағы қайғылы оқиғалардан 52 адам қаза тапты, оның 29-ы — бала. Өткен жылдың осы кезеңінде өңірде 55 адам, оның ішінде 25 бала көз жұмған, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Жалпы өңірде судағы жазатайым оқиғалар азайғанымен, балалардың суда қаза болу көрсеткіші 16 пайызға өскен.
Спикердің мәлімдеуінше, биыл соңғы үш жылдағы суға кету оқиғаларына талдау жүргізіліп, қауіпті учаскелерде күнделікті патруль ұйымдастырылған. Жұмыстар Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және басқа да аудандарда жүргізілді.
— Жыл басынан бері 1549 рейдтік-патрульдік іс-шара өткізіліп, судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 177 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы 2 млн 724 мыңнан астам теңге айыппұл салынды. Былтыр осы кезеңде 151 азаматқа әкімшілік шара қолданылған, — деді Фурхат Жолдасов.
Бұған дейін Түркістан облысында бірнеше ай бұрын Келес өзеніне суға кеткен 8 жасар баланы іздеу жұмыстары қайта жалғасқанын хабарлаған едік.