Түркістан облысында жылу беру маусымы қашан басталады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Биыл Түркістан облысында жылу беру маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады деп жоспарланып отыр. Қазір өңірде оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Freepik

2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына өңірдегі 1265 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй дайындалған.

– Жылыту маусымына облыс бойынша 532,5 мың тонна көмір қажет. Оның 291,7 мың тоннасы немесе 55 пайызы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік нысанның қоймаларында шамамен 67,5 мың тонна көмір қоры бар. Ал бюджеттік мекемелерге қажетті 3,1 мың тонна дизель отыны толық жеткізілді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байгунусов.

Сондай-ақ жылу энергетика кешендерін қажетті отынмен қамтамасыз ету үшін облысқа 8 мың тонна мазут қажет. Бұл ретте «Кентау Жылу» ЖШС және «Шолаққорған су» МКК-мен мазут жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Бекітілген кестеге сәйкес мазут жеткізіледі.

Марат Байгунусовтың айтуынша, жылу маусымы сыртқы ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы 8°C-тан төмен болған жағдайда басталады.

– Осыған байланысты облыста жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады деп жоспарланып отыр. Өңірдегі дайындық жұмыстары облыстық штабтың тұрақты бақылауында, – деді ол.

Айта кетейік, облыс бойынша жылумен қамтамасыз ету жүйесінде бір жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2210 автономды бюджеттік мекеме қазандығы жұмыс істейді.

Бұған дейін Семейдегі жылу маусымына дайындықтың не себепті кешіккенін хабарлаған едік.