Түркістан облысында жоғалған жасөспірім аман-есен табылды

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА.KAZINFORM — Түркістан облысында жоғалып кеткен 2010 жылы туған Хасен Мардан облыс полицейлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде аман-есен Шымкент қаласынан табылды.

Жасөспірім 21 наурыз күні Ордабасы ауданындағы тұрғылықты мекенжайынан шығып, Түркістан қаласына қыдырып барған. Содан кейін жақындарымен байланысқа шықпай, із-түзсіз кеткен.

Аталған дерек бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің және қалалық полиция басқармасы қызметкерлері бірден іздестіру жұмыстарын бастап, тәжірибелі жедел уәкілдер жұмылдырылды.

Баланың ата-анасы ұлының телефоны үйінде қалғанын айтып, оның табылмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Полицейлер жасөспірімнің жүрген бағытын анықтау үшін бейнебақылау камераларын мұқият зерделеп, Түркістан қаласын толық тексерді. Содан соң қосымша көршілес мегаполисте іздестіру жұмыстарын жалғастырды.

Нәтижесінде 15 жастағы жасөспірім Шымкент қаласынан табылды.

Жедел уәкілдер оны ата-анасына табыстады.

Айта кетелік Түркістан облысында із-түзсіз жоғалған жасөспірім іздестіріліп жатқаны туралы жазған едік.