Түркістан облысында жоғары қысымды газ құбыры жарылып, 2 ауыл газсыз қалды

Фото: Фото: Жамбыл ауданының баспасөз қызметінеy

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Полиция оқиғаға кінәлілерді іздестіріп жатыр. 

Сауран ауданына қарасты Ибата мен Ойық ауылдарындағы 500-ге жуық тұрғын газсыз қалды. Оқиғаға белгісіз техниканың жоғары қысымды газ құбырына соқтығысуы себеп болған. Қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы салдарынан «полиэтилен–болат» өткелі бүлініп, аумаққа табиғи газ тарап кеткен. Апатқа кінәлі адам оқиға орнынан кетіп қалған, әрі жедел қызметтерге хабар бермеген.

— Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне үлкен қатер төнді. Осыған байланысты Түркістан қалалық полиция департаментінің қызметкерлері дереу шақыртылып, кінәліні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті газ қызметкерлері 300 мм клапандарды дер кезінде жауып, газдың таралуын тоқтатып, апаттың алдын алды. Газ құбырының 50 метр аумағын тексерілді. Қосымша зақым немесе ақаулар анықталған жоқ, - делінген «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның қоғаммен байланыс және интеграцияланған менеджмент жүйелері жөніндегі департаменті таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта «QazaqGaz Aimaq» мамандары газбен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Газ тарату желілерінің маңында жұмыс жүргізетін барлық құрылыс компанияларын және көлік жүргізушілерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Жауапкершіліктен жалтару жазадан құтқармайды — кінәлілер заң аясында анықталып, жауапқа тартылады, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының қай аймағында экологиялық жағдай нашар екенін жазған болатынбыз.