Түркістан облысында жөнделген жол екі айға жетпей ойыла бастады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының Келес ауданында республикалық маңызы бар автомобиль жолының сапасына қатысты тұрғындардан шағым түсті.

Фото: Түркістан облысының тұрғындарынан

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тұрғын асфальт төселгеніне шамамен бір ай болған жолдың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, Абай ауылы жағынан Жетісай бағытына қарай, Лесбек батыр елдімекеніне жетпей, Яллама өткізу пунктіне қарай өтетін автомобиль жолының кей бөліктері сын көтермейді. 

Ақауларды жою жұмыстары мердігер ұйымның қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері аясында жүргізіледі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олардың сапасына қайта тексеру жүргізілмек.

Бұған дейін Түркістан облысында тұрғындар Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының сапасына шағымданғанын жазған едік.