Түркістан облысында жүк көлігімен қалыңдық алып келген жүргізушілер жауапқа тартылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Оқиға Қазығұрт ауылында болған. Жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің көліктері айыптұраққа қойылды. 

Фото: Көлік министрлігі

Тәртіп сақшылары кортеж жасап жүрген мемлекеттік нөмірі жоқ көліктерді анықтаған. Сондай-ақ олардың арасында арнайы жарық шамдарын жағып жүрген жүк көлігі де болған.

Полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді тоқтатып, олардың көлігін айыптұраққа қойған. Оның ішінде «VOLVO FH» жүк көлігінің жүргізушісіне авариялық жағдай туғызып, бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамай өткені және мемлекеттік тіркеу нөмірі болмағаны үшін, жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін 5 хаттама толтырылды.

Сонымен қатар жасаған құқық бұзушылықтарына сай «LADA 21144» маркалы көлік жүргізушісіне үш, ал «LADA GRANTA FL» көлігінің жүргізушісіне екі әкімшілік хаттама толтырылды. 

«Құқық бұзушылар той кортежін ұйымдастырып, келін әкеле жатқаны белгілі болды. Құқық бұзушылар кінәларын мойындап, алдағы уақытта қайталамайтындықтарын жеткізді», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.