Түркістан тұрғыны 35 жасында алғаш ана атанып, үшем дүниеге әкелді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді. Сәбилерге ата-анасы Фатима, Зухра және Хасан есімдерін берді.

Фото: Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы

Төлеби ауданында 35 жастағы келіншек алғаш рет ана атанып, үшемді өмірге әкелді. Үшемдер Түркістан облыстық № 1 перинаталдық орталығында дүниеге келген. Дәрігерлер жүктіліктің 35 аптасында ота жасап, сәбилерді аман-есен босандырып алды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестелердің бірі 2120, екіншісі 1610, ал үшіншісі 2190 грамм салмақпен туған. Сәбилерге ата-анасы Фатима, Зухра және Хасан есімдерін берді.

Фото: Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы

Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік күрделі өткен. Әйелде ауыр дәрежелі преэклампсия, үшем жүктілік, эпилептиформды синдром және гестациялық пиелонефрит секілді қауіп факторлары анықталған. Соған қарамастан перинаталдық орталық дәрігерлерінің кәсіби жұмысының арқасында ана мен нәрестелерге дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетілді.

— Қазіргі уақытта үшемнің де, анасының да жағдайы жақсы. Нәрестелер ана сүтімен қоректеніп жатыр, — делінген хабарламада.

Дәрігерлер көптен күткен сәбилерін құшағына алған отбасын қуанышпен үйлеріне шығарып салды. Жас ана ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.

Бұдан бұрын Түркістан облысында Сафия, Садия, Самия есімді үшем өмірге келгенін жазған едік.