Түркістанда әйелін психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп жатқызған ер адам сотталды

Фото: Астана қаласының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістанда әйелін күштеп психиатриялық орталыққа орналастыру ісі бойынша сот үкім шығарды. Істі ұйымдастырушы мен оның сыбайластарына ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Түркістан қаласының ауданаралық соты отбасылық жанжалдан кейін әйелін Шымкенттегі психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп жатқызып тастаған жұбайы мен оның екі танысына қатысты үкім шығарды.

Сот мәліметінше, жәбірленушінің жұбайына адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау бойынша айып тағылған. Ал оның екі сыбайласы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау және психиатриялық стационарға заңсыз орналастыруға жәрдемдесу әркеті бойынша кінәлі деп танылды.

Оқиға отбасылық жанжалдан басталып, адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іске ұласқан.

– Сотта анықталғандай, Д. Түркістан қаласындағы базарлардың бірінің аумағынан тауып алған әскери атыс қаруына арналған 16 оқ-дәріні тұрғылықты мекенжайында заңсыз сақтаған. Сонымен қатар, бірге тұратын жұбайы И.-мен туындаған отбасылық жанжалдар салдарынан сотталушы Д. оны психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру жөнінде қылмыстық ниет пайда болған. Жоспарын жүзеге асыру үшін ол таныстары Ю. және М.-мен алдын ала сөз байласқан. Сотталушылар жәбірленушінің қол-аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкент қаласындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізіп, сол жерде сотталушы Д. тиісті медициналық құжаттарға қол қою арқылы жәбірленушіні мекемеге заңсыз орналастырған, -делінген облыстық соттың хабарламасында.

 

Сот процесінде сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің айғақтары, сот сараптамаларының қорытындылары, куәлардың жауаптары, аудио‑бейнематериалдар және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді.

Сот үкімімен істі ұйымдастырушы – жәбірленушінің жұбайына түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ал оның екі сыбайласының әрқайсысы 8 жыл мерзімге сотталды.

Сондай-ақ моральдық зиянды өтеу есебінде жәбірленушінің пайдасына сотталған жұбайынан 5 млн теңге, ал екі сыбайласының әрқайсысынан 3 млн теңгеден өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан бұрын Атырауда әйелін оқтаумен басынан бірнеше рет ұрып өлтірген 41 жастағы адам 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.