Марафонға әлемнің 20-дан астам елінен 3 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған.
Түркістан әкімдігінің мәліметінше, жарыстың сөресі мен мәресі Karavan Saray Turkistan кешенінің автотұрағында орналасады. Марафон бағыты Бекзат Сәттарханов даңғылы бойымен әуежайға дейін жалғасып, кері қайтады.
— 25 қазанда сағат 07:00–ден 14:00–ге дейін жарыс өтетін жол учаскелерінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Қатысушылар өткен сайын жолдар кезең-кезеңімен ашылады. Атап айтқанда, Тұтқабай көшесінің Бекзат Сәттарханов даңғылынан Әлқожа Ата көшесіне дейінгі бөлігі 24 қазанда сағат 09:00–ден 25 қазан күні сағат 20:00–ге дейін жабық болады. Ал Karavan Saray Turkistan кешенінің айналасындағы Әлқожа Ата және Батырбеков көшелерінде, сондай-ақ Бекзат Сәттарханов даңғылында 25 қазан күні сағат 07:00–ден 09:10–ға дейін көлік қозғалысы толық шектеледі, — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар Бекзат Сәттарханов даңғылының Тұтқабай көшесінен Есім хан даңғылына дейінгі бөлігі сағат 07:10–нан 14:00–ге дейін жабылады. Бұдан бөлек, Есім хан даңғылының Бекзат Сәттарханов даңғылынан әуежайға дейінгі бөлігінде сағат 08:20–дан 13:00–ге дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Бұл ретте Есім хан даңғылының солтүстік жағы ашық болады.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарға марафонның сөре орнына жету бағытын 2GIS қосымшасы арқылы алдын ала жоспарлауға болатынын ескертті.
Айта кетейік, жарыс бағдарламасына 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру мен скандинавиялық жүріс, сондай-ақ 10-14 жастағы балаларға арналған 3 шақырымдық жүгіру кіреді.
Бұған дейін Алматыда Абылай хан даңғылы мен Момышұлы көшесі уақытша жабылатынын хабарлаған едік.