Түркістандағы киелі жер жеке кәсіпкердің табыс көзіне айналған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандағы Ақмешіт үңгірін жеке шаруа қожалығы көп жылдан бері заңсыз иеленіп келген. Бұл туралы өңірдегі Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
— «Ақмешіт» үңгірі «Асқар ата» шаруа қожалығына тиесілі жер аумағында орналасқан. Аталған жер телімі 2016 жылғы 10 маусымдағы Бәйдібек ауданы әкімдігінің № 225 қаулысы негізінде, Көктерек ауылдық округіндегі «Ел-Нұр-Г» ЖШС-ге тиесілі жер көлемінен осы шаруашылықтың келісіміне сәйкес 99,1 га (34,0 га егістік, 1,1 га суармалы және 64,0 га жайылым) жер телімі «Асқар ата» шаруа қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімге жер пайдалану құқығымен 10 жылға жалға берілген, — дейді олар агенттік тілшісінің сауалына берген жауабында.
ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сәйкес, қожалыққа тиесілі аумақта орналасқан жер асты қойнауын пайдалану үшін жергілікті әкімдік пен шаруашылық арасында арнайы келісімшарт жасалуы керек. Бұл келісімшарттың негізгі мақсаты — жер қойнауын пайдалану құқығын ресми түрде белгілеу.
— Аудан әкімдігі «Асқар ата» шаруа қожалығымен «Ақмешіт» үңгірін пайдалану жөнінде ешқандай келісімшартқа тұрмаған. Осы күнге дейін заңсыз пайдаланып келген, — дейді жауаптылар.
Бұл жерге қатысты заңсыздық мұнымен бітпейді. Жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында жалға берілген, яғни қожалық оны тек егін егу, мал бағу сияқты жұмыстар үшін пайдалануы керек еді. Алайда, шарт талаптары бұзылып, жер кәсіпкерлік мақсатта қолданылған. Нақтырақ айтсақ, шаруашылық жалға алынған жерді туристік не өзге де коммерциялық қызмет үшін пайдаланған.
— 2024 жылғы 22 шілдесінде Бәйдібек ауданы әкімдігінің мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі иеліктен шығарудың басталуы туралы № 218 қаулысы шығарылды. Одан әрі, 2024 жылғы 25 шілдеде № 139 шығыс нөмірімен жер телімінің иесіне хабарлама жіберілген. Қаулы заңды тіркелген күннен бастап үш ай, яғни 2024 жылғы 20 қазаннан кейінгі мерзімге бекітіліп, сол жылы 29 қазанда сотқа жолданған. Бірақ, сотқа жолданғаннан кейін кемшілік анықталып, құжаттар екі рет кері қайтарылған. 2025 жылғы 28 қаңтарда үшінші мәрте Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұйғарым етіп, сот отырысы 2025 жылғы 10 ақпан күні өткізілді. Бірақ ұсынылған құжаттардың толық болмауына байланысты тағы кері қайтарылды, — дейді әкімдік қызметкерлері.
Айта кетейік, Ақмешіт үңгірі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 332 бұйрығымен республикалық туристендіру картасына енгізілген. Сонымен қатар, 2023 жылдан бері облыстық жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде бар. Соған сәйкес үңгірдің сызбасы жасалып, 9,95 гектар жер қорғау аймағы ретінде заңмен бекітілген. Демек, бұл — осы белгіленген аумақта мемлекет тарапынан бекітілмеген кез келген құрылыс түріне тыйым салынады деген сөз. Алайда, аумақты заңсыз иеленіп отырған кәсіпкер бұл талаптарға да құлақ аспаған.
— Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 20 қарашадағы № 00.17.5165-2/4446 шешімімен «Ақмешіт» үңгіріндегі «Асқар ата» шаруа қожалығының өз бетімен салынған құрылыстарды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шыққан. Атап айтқанда, кадастрлық нөмірі 19-286-034-203 жер телімінде 1 қабатты тік төртбұрышты, ені — 8 метр, ұзындығы — 9 метр, іргетасы құймалы бетоннан, қабырғасы шлак блоктан қаланған тұрғын үй, 5–9 метр асхана, ұзындығы — 400 метр, ені — 1,20 метр жаяу жүргіншілер жолағы, ұзындығы — 28,5 метр, ені — 1,20 метр темір саты, 5–3 метр екі әжетхана құрылыс нысандарын бұзу жөнінде шешім шыққан. Алайда, шешім күшінде болғанымен, құрылыс нысандары бұзылмаған, — дейді мамандар.
Дәл осы мәселеге қатысты Ұласбек Сәдібеков күні кеше депутаттық сауал жолдаған еді. Мәжілістің жалпы отырысында ұсыныстарын айтты.
— Ең алдымен, киелі орындарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп-ұстауға беруді ұсынамын. Әрине, бұл тарихи нысандардың жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады. Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өтуі тиіс деген нормаларды заңда нақтылап, жерімен бірге толық қабылданатын толықтырулар енгізуді сұраймын. Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысаннан түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс, — деді ол өз сөзінде.
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Жамбыл Байғонов та пікір білдірді. Ол депутаттың ұсынысы өте орынды екенін айтады.
— Ол жерді мемлекетке қайтару үшін ҚР «Жер туралы» Кодексінің 84-бабы бар. Меніңше, сол бапты күшейту керек. Оны қайтару процесі өте созылып кетеді. 1 жыл бұрын біз оларға ескерту жасауымыз керек. Одан кейін материалдарды сотқа дайындау керек. Өздеріңіз білесіздер, әуелі бірінші сатыдағы сот, содан соң апелляциялық, кейін кассациялық сот болады. Осы процестердің бәрі біткенше, 2 жылдың көлемі кетеді. Мұндай жағдайда ол жерде туризм қалай дамуы мүмкін? Туризм дамуы үшін бірінші кезекте тарихи мұра объектілерімізді дайындауымыз керек. Депутат Ұласбек Сәдібековтің ұсынысы өте дұрыс. Біріншіден, «Жер туралы» кодекстің баптарына тарихи-мәдени мұраларды мемлекет иелігіне қайтару жөніндегі қысқа мерзімді тәртіпке қатысты ұсыныстарды дайындау керек. Заңға өзгеріс енгізу қажет деп есептеймін, — дейді зейнеткер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматының қауіпті таулы аймағында заңсыз үш қабатты үй салынғанын жазған едік.
Одан бөлек Абай облысында 64,2 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды.