Түркістандағы республикалық маңызы бар тасжолдағы көпір күзге дейін жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көпір Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы «Алтын Сарай» демалыс аймағының іргесіндегі Атакент ауылының маңында орналасқан, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар «Жизақ — Гагарин — Жетісай — Киров — Қызыләскер — Абай — Сарыағаш — Жібек жолы» автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлайды, — делінген ақпаратта.

Фото: ҚазАвтоЖол

Көпірде қозғалыс 2026 жылдың 30 сәуірінен 2026 жылдың қыркүйек айына дейін шектеледі.

Жергілікті тұрғындарға көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жеңіл автокөліктер үшін «Автомобилистер — Мұратбаев — Алматы — Автомобилистер» көшелері арқылы өтетін уақытша айналма көпір өткелі ашылды.

Осы ретте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тұрғындар мен жол пайдаланушылардан сапар бағытын алдын ала жоспарлауды, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұрайды.

Осыған дейін Астана қаласының тағы бір даңғылында жол жөндеу жұмыстары жүргізілетіні хабарланды.