Қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» бекетінің өткізу қабілеті бірнеше есе артады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңғыртылған «Жібек жолы» бекеті тәулігіне 70 мың жолаушыны қабылдай алады, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: МКК

Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барды. Онда олар ЕАЭО сыртқы шекарасының Қазақстан-Өзбекстан учаскесіндегі ең ірі жолаушылар көлігі өткізу пунктін ауқымды қайта құру жұмыстарының барысын тексерді. Тексеру барысында жобаның қазіргі іске асыру кезеңі, құрылыс жұмыстарының қарқыны және 2026 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілуі жоспарланған нысанның дайындығы қарастырылды.

Жаңғыртылатын өткізу пункті кедендік және шекаралық бақылауды жүргізу үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылатын болады.

Фото: МКК

Бүгінгі таңда объектіде халықаралық стандарттарды ескере отырып жобаланған «экспорт» және «импорт» бағытындағы екі бөлек жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталып қалды. Автобустар мен жеңіл көліктерге шекаралық және кедендік тексеру жүргізу үшін жалпы үлкен шатырды монтаждау, бейнебақылау жүйелерін орнату жүргізіліп жатыр. Нысанда тоқтаусыз екі ауысымық режимде 270 жұмысшы жұмыс істейді.

— Жаңғыртылған «Жібек Жолы» өткізу пунктінің жобалық қуаты тәулігіне 70 мың жеке тұлға мен 2 мың жеңіл автокөлік және 200 автобусқа жетеді. Бұған дейін ескі өткізу пунктінің жобалық қуаты тәулігіне 17 мың жеке тұлғаны, 400 жеңіл автокөлікті және 20 автобусты құраған, — делінген хабарламада.

Фото: МКК

Инспекциялау және объектіде авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінің қатысуымен өткізілген кеңестің қорытындысы бойынша құрылыстың мерзімдері мен сапасын бақылауды қамтамасыз ету және жобаны белгіленген мерзімде аяқтаудың барлық шараларын қабылдау тапсырылды.

Осыған дейін Түркістан облысындағы «Қапланбек» өткізу бекетінде жанжал туып, полиция іс қозғағанын жаздық.