Түрмеде салафизмді ұстанушыларға 25 мың ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткіздік – ІІМ

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауапта түрмедегі діни контингенттің қай санаты ерекше назарда екенін айтты.

- Жыл басынан бері қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жергілікті атқарушы органдардың мамандары, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 15 мың сотталғанды қамти отырып, оның ішінде радикалды көзқарасы жоқ «салафизмді» ұстанушылармен 25 мың ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізді, - деп жазылған министрлік жауабында.

Айта кету керек, елімізде сотталғандарды радикалды көзқарастан арылтудың бірыңғай бағдарламасы бар.

- 2025 жылғы 2 ай ішінде 5 мыңнан астам сотталған адамды қамтитын 6 мыңға жуық ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.

Деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалтудың жеке бағдарламалары әзірленді, діни білім деңгейіне, радикалдылық дәрежесіне, оған тартылудың себептеріне талдау жүргізіледі, - делінген ресми мәліметте.

Бұған дейін Қазақстан түрмелеріндегі 1 мыңнан астам әйел рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жазған едік