ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері сотталғандарға тыйым салынған заттар мен бұйымдардың мекеме аумағына өту жолдарын дер кезінде анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, ЗК-169/1 мекемесі режім және күзет бөлімінің қызметкерлері сол мекемеде ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен қамауда отырған баласына келген азаматшаны тексеру барысында онда жасыл түсті өткір иісті кептірілген шөп тәріздес зат бар екені анықталды. Әйел оны баласына алып келген спорттық аяқ киім арқылы өткізбек болған. Оқиға орнына Қызылорда қаласы полиция басқармасы жедел-тергеу тобы шақырылды. Аталмыш тыйым салынған зат тәркіленіп, ол сараптамаға жіберілді.
«Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша оның марихуана екені анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.