Министрдің айтуынша, еліміздің түзеу мекемелерінде жыл сайын 12 млрд теңгенің өнімдері шығарылады. Бұлардың сексен пайызы түзеу мекемелерінің өзіндік қажеттіліктерін өтеуге жолданады.
«Түзеу мекемелері кәсіпорындарының әлеуеті көп емес. Сондықтан да, біз кәсіпорындардың техникалық қуатын арттыруға, оларды жаңғыртуға қатысты жұмыстарды атқарып жатырмыз. Осыған орай, бәсекелестікті арттыру маңызды. Бұл бағытта Үкімет жақында ғана түзеу мекемелеріндегі кәсіпорындардың таза табыстарын салықтан босату туралы шешім қабылдады», деді Қ. Қасымов.
Бұдан бөлек, жаңа жылдан бастап Қылмыстық атқару жүйесінің кәсіпорындары тауарлар, қызметтер мен жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алулар туралы заңды қолданбастан келісімшарттар жасай алады. Бұндай тәжірибе Ресей мен Беларусь елдерінде бар көрінеді.
«Бұл да жеткіліксіз. Сондықтан да, қазіргі күні қылмыстық атқару жүйесіндегі кәсіпорындарға мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау мәселесі қарастырылуда. Атап айтқанда, әскери киім формаларын, Қорғаныс күштерінің айырма белгілерін, басқа да әскери құрылымдардың киім үлгілерін шығаруды жоспарламақпыз. Мұндай шаралар кешені қылмыстық атқару жүйесі кәсіпорындарының қызметін қамтып, сотталушыларды жұмыспен қамтуға септігін тигізер еді», деді Қ. Қасымов.