Турсыз да, ақшасыз да қалды: Ақтөбеде 70-тен аса адам агенттікке алданған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Барлығы 70-тен астам адам арыз жазды. Полиция алданған адамдарды саны одан да көп болуы мүмкін екенін айтты.

Фото: freepik.com

Іс Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

— 37 жастағы туристік агенттік жетекшісі туристік сапарлар ұйымдастыру және жолдамалар сату сылтауымен азаматтардан ақша алған. Алайда өзінің міндеттемелерін орындамаған. Соның салдарынан адамдар ақысын төлеген туристік жолдамаларынан да, қаржысынан да айырылған. Қазір полицияға 70-тен астам жәбірленуші арызданды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 32 миллион теңгеден асады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жәбірленушілер саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі ақтөбеліктер ғана емес, өзге өңір тұрғындары да алданған.

— Туристік агенттіктің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Ақтөбе қаласы полиция басқармасының № 1 полиция бөліміне, яғни, Ақтөбе қаласы 11-ықшам ауданы 51 «А» мекенжайына келуді сұраймыз. Сонымен бірге тұрғылықты жеріне жақын орналасқан полиция бөліміне хабарласуға болады, — деп хабарлады баспасөз қызметі. 

Қазіргі кезде күдікті үйқамақта отыр. Қазақстандықтар Threads желісі арқылы бір-біріне хабар беріп, полицияға арыз жазуды сұрап жатыр.

Фото: Скрин

— Еркош турға FOUR TOUR алданып қалғандар бар ма? Бізді де қазан айындағы турға ақшамызды жинап алып, қазір телефондарын өшіріп, офистерін жауып, мүлдем жоқ болып кетті. Ақтөбеде бұлардан тағы кім алданды? Қазір не істеп жатырсыздар, полицияға немесе сотқа арыз бердіңіздер ме? Бәріміз бірігіп, топ құрып, бірге әрекет жасайық, — деп жазды желі қолданушысының бірі.

Бұған дейін Ақтөбеде туристік қызмет саласында тұтынушылардың құқығы жиі бұзыла бастағанын жазған болатынбыз. Былтырғыға қарағанда биыл шағым түсіргендер саны 30% артқан.