ОРАЛ. ҚазАқпарат – Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов Орал қаласында дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрсынбек Қабатовтың айтуынша, ол 22 жылдан кейін туған жеріне келіп, дауыс беріп тұр екен.
«Көңіл-күй өте жақсы. Осыдан 22 жыл бұрын туған жерім – Казталов ауданы Ақпәтер ауылындағы мәдениет үйінде дауыс беріп едім. Содан кейін Астанаға кетіп қалдым. Енді, міне, туған жеріме келіп, кезектен тыс президент сайлауына қатысып, дауыс беріп тұрғаныма ерекше қуаныштымын. Әлеуметтік желіден көріп жатырмыз, ел ішінде белсенділік жоғары. Дамыған мемлекет екендігімізді көрсетіп, Қазақстан халқы таңғы 7-ден бастап сайлауға белсенді қатысып жатыр», - деді Т.Қабатов.
Белгілі әзілкеш Ақжайық өңіріне гастрольдік сапармен келген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО сайлаушыларының дауыс беруге отбасымен келіп жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ батысқазақстандық көкпаршылар сайлауға салт атпен келді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).