— Еліміздегі бірегей туристік бағыттарының бірі — әлемдегі алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы Байқоңыр кешені. Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оны іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің қолжетімділігін арттырды, — деді Е. Мырзабосынов.
Оның айтуынша, Гагарин старт алаңы, монтаждау-май құю кешені және динамикалық сынақтар стенді жоғары туристік әлеуетке ие. Алайда оларды жаңғырту керек және қомақты инвестиция салу қажет. Әлеуетті инвесторлар үшін тизерлер әзірленді.
— Сонымен қатар ол жерде оқиғалық туризмді дамыту маңызды. Бұл туристер ағынын жыл бойы қамтамасыз етіп, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деді министр.
Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.