Түтін деңгейі тексеріледі: Алматыда 1 қыркүйектен бастап автокөліктер техникалық тексеруден өтуі тиіс

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензин, газ және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өтуі тиіс. Бұл туралы A-parking мамандары мәлімдеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігіне қарасты ұйымның мәліметінше, бұл техникалық тексеру — міндетті техникалық байқаудың құрамдас бөлігі емес, жеке рәсім болып саналады. Оның барысында шығарындылар деңгейі өлшенеді: бензинмен және газбен жүретін автокөліктердің пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі. Тексеру ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізіледі.

— Техникалық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа талап кезекті міндетті техникалық байқау мерзімі 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады. Егер автокөлік 2026 жылы 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өтсе, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Техникалық байқаудан қайта өтудің немесе осы мерзімге дейін экологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ, — деп хабарлады A-parking.

Міндетті техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған техникалық тексеру қажетті жабдықпен қамтылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі. Сондай-ақ автокөлік иесі қалауы бойынша аккредиттелген станцияда екі рәсімнен де — техникалық тексеру мен міндетті техникалық байқаудан бірден өте алады.

Аккредиттелген станциялардың тізімі almaty-parking.kz сайтында жарияланады.

Еске салайық, Алматыда тексерілген әр төртінші көлік экологиялық нормаға сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Бұған дейін 2027 жылы Алматыда күшіне енетін атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бойынша Kazinform тілшісі Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевпен сұхбаттасқан болатын.