Тыйым салынған орындарда темекі тартқан 25 мыңнан астам адамға айыппұл салынды - ІІМ

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жыл басынан бері тыйым салынған орындарда темекі тартқаны үшін 25 мыңнан астам азаматқа, сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатқаны үшін 1 мыңға тарта адамқа айыппұл салынды.

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының темекіге қарсы бақылау жөніндегі заңнамасын жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха осылай мәлім етті.

Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, темекіге әуес қазақстандықтар жыл сайын темекі компанияларына 72 млрд. теңге төлейді екен. Бұл дегеніңіз денсаулық сақтау саласы бюджетінің 70 пайызына тең көрсеткіш.

«Солай бола тұра, темекіге қарсы заңнаманың бұзғаны үшін төленетін айыппұл мөлшері тым аз. 1 айлық есептік көрсеткішке тең сомамен айыппұл салу туралы ешкімді де қорқыта алмаймыз. Сол себепті біз айыппұл мөлшерін ұлғайту туралы ереже енгізбекпіз», - дейді И. Лепеха.

Оның айтуынша, ішкі істер органдары қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп арнайы белгіленбеген жерлерде темекі тарту фактілерін анықтау бойынша 19 мыңға жуық рейд өткізген. Оның барысында белгілі болғандай, жедел-профилактикалық шаралар бойынша тек темекі тартушылар ғана жауапкершілікке тартылып, ал бұзушылыққа жол берген лауазым иелері жазадан сырт қалған. Бұдан бөлек, комитет төрағасы құқық қолдану тәжірибесін де жетілдіру қажеттігін атап өтті.