ТЖМ: 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелер тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін күшейту мақсатында бақылау және қадағалау шаралары енгізіледі.

Фото: Павлодар облысы көлік бақылау инспекциясы

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров мәлім етті.

Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жақын арада министрлікке шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалау функциялары беріледі. 

— Тексеру іс-шаралары ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталады. Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына тексеру жүргізілетін болады, — деді төраға орынбасары.

Әсет Жылқыайдаровтың айтуынша, тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, кемелердің техникалық жай-күйі және пайдалану ережелері қаралады. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады.

ТЖМ су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Еске салайық, су айдындарында соңғы екі жылда 9 құтқару станциясы салынды.