Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.
Министрліктің мәліметінше, биыл шомылуға тыйым салынған жерлерде 80 адам суға батып қаза болған. Ал ресми шомылу орындарында 13 адам көз жұмған.
Су айдындары бойынша алғанда, қайғылы оқиғалардың ең көбі өзендерде тіркелген. Биыл өзендерде 48 адам суға кеткен. Су қоймаларында 22 адам, Каспий теңізінде 11 адам, көлдерде 9 адам, жасанды су айдындарында 2 адам, ал Нұра-Есіл каналында 1 адам қаза болған.
– Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу, жүзе білмеу, өз күшін дұрыс бағаламау, алкогольдік мас күйде суға түсу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, – делінген министрліктің жауабында.
Қазір елімізде 733 ресми шомылу орны жұмыс істейді. Бұдан бөлек, суға түсуге тыйым салынған 5 129 орын белгіленген.
Министрлік азаматтарды тек рұқсат етілген орындарда шомылып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін күшейтіп, еліміз бойынша су айдындарында, демалыс орындары мен балалар лагерьлерінде рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.