ТЖМ өрт қауіпсіздігі жөнінде: зейнеткерлердің үйлері ерекше бақылауға алынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жеке тұрғын секторы өрт қауіпсіздігі саласында ерекше бақылауда тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлім етті.

Фото: ТЖМ

Қазіргі уақытта өрт санының 12,2%-ға(2025 жылы – 732, 2026жылы - 643), қаза болғандардың 8,7%-ға (2025жылы – 23, 2026 жылы - 21), жарақат алғандардың 19%-ға азайғаны байқалды. Төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру аясында министрліктің бөлімшелерінің инфрақұрылымды дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл республика бойынша 19 өрт сөндіру депосы ашылды. Оның жетеуі өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қатар жұмыс істеуін көздейтін әмбебап деполар.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде шалғай ауылдық елді мекендерді қорғауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асырылып келеді. Бүгінде республика бойынша 312 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді, олардың қызмет көрсету радиусымен 978 елді мекен қамтылған.

- Былтырғы талдау көрсеткендей, жылу беру кезеңінде өрттердің 55 %-дан астамы тұрғын үй секторында, яғни жеке тұрғын үйлерде орын алады. Өрттің негізгі себептері – электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы. Сонымен қатар өрт және газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Осыларды ескере отырып, Министрлік мынадай іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бірінші кезекте, тұрғын үй секторында қауіп-қатердің алдын алуға бағдарланған профилактикалық жұмыстар іске асып жатыр. Мұнда қамтылған үйлердің санына емес, өрт шығу қаупінің деңгейіне қарай жұмыстар ұйымдастырылады, - деді М. Мұханов.

Оның айтуынша, сала мамандары әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың отбасыларына арнайы барып, қауіпсіздік талаптарына назар аударып отыр. Бүгінде осы санаттағы 93 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынды.

- Осы жылғы тамыз айынан бастап жылу беру кезеңіне дайындық аясында пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын тексеру арқылы үйлерді аралап қарау жұмыстары жүргізіліп келеді. Анықталған жекелеген кемшіліктер сол бойда жойылады. Түтін мұржаларын тазарту (6 148), пештер (3 189) мен электрмен жабдықтау жүйелерін (3 439) жөндеу іске асып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидалары түсіндірілді. Әлеуметтік көмек көрсету аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам датчик орнатылды, - деді министр.

Бірыңғай цифрлық жүйе

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ықтимал қауіп-қатерді азайтуға және тұрғын үй қорының өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

- Атап айтқанымдай, жылу беру кезеңінде қаза тапқандардың басым бөлігін зейнет жасындағы азаматтар құрады. Осыған байланысты зейнеткерлердің тұрғылықты жеріндегі өрт қауіпсіздігін анықтауға және жоюға бағытталған «Ата-анаңның үйін тексер» арнайы акциясы басталды. Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, олардың тұрғын үйлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атаулы көмек көрсетілуде. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында жедел желі ұйымдастырылды. Сонымен қатар профилактикалық жұмысты кезең-кезеңмен цифрландыру жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй секторындағы профилактиканың тиімділігін арттыруға бағытталған «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын электрондық есепке алуға, фотофиксация және геолокация арқылы өрт қауіпін тіркеуге, сондай-ақ бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Алдағы уақытта жинақталған ақпарат қаіпсіздігі жағынан ең осал тұрғын үйлерді анықтауға, өрт туралы хабарламалар түскен кезде жедел шешім қабылдау үшін кезекші қызметтерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, профилактикалық жұмысты және жедел ден қою шараларын біріктіретін бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылып келеді.

Қазіргі уақытта жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ нәтижелері бойынша оны өңірлерде одан әрі енгізу жоспарланған.

- Министрлік отбасылардың тұрмыс жағдайына, жылыту жабдықтарының жай-күйіне атаулы бағалау жүргізіп, ерекше назар аударуды қажет ететін үйлерді анықтады. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір ғана министрлік бөлімшелерінің күші оған жеткіліксіз, ал мұндай қайғылы оқиғалардың қайталану қаупі сол күйінде қалып отыр. Тұрғын үй секторының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың неғұрлым белсенді әрі жүйелі қатысуын, сондай-ақ азаматтардың өз жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Осыған байланысты әкімдіктерге ведомствоаралық жұмыс топтарын құру, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту шараларын қамтамасыз ету қажет, - деп түсіндірді Мұрат Мұханов.

Тәуекел факторлары

Жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану да тәуекел факторларының бірі болып қала береді. Оларды пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу - ауыр зардаптарға әкелетін өрттер мен жарылыстардың қаупін арттырады.

- Осы қауіпті азайту мақсатында әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауын күшейту қажет. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллондарын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Қосымша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау және Алматы қалаларында композиттік баллондар өндірісін іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл олардың айналымы мен техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ескірген газ баллондарын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және оларды жаңасына ауыстыру тетігін әзірлеу мәселесі шешімін табуды талап етеді, - деді министр.

Оның пайымынша, отандық өндірісті дамытумен қатар, тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде оларды есепке алу, техникалық бақылау және уақтылы ауыстыру мәселелерін қамтитын кешенді тәсіл қажет.

Бұған дейін хабарланғандай, ТЖД Алматының тұрғын үйлеріндегі өрттің негізгі себептерін атады.