ТЖМ жылыту маусымына байланысты тұрғындарға ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM- ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымының алдында тұрғындарды арнайы құрылғыларды мұқият тексеріп барып іске қосу қажеттігін ескертті.

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Күннің суытуымен пештерге, жылыту қазандықтары мен электр құрылғыларына түсетін жүктеме артады. Осыған байланысты жылыту маусымы басталар алдында жылыту жабдықтарының, түтін мұржалары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеру қажет.

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Пеш пен түтін мұржасын күйеден тазалап, анықталған жарықтар мен ақауларды уақытылы жөндеу керек.

Газ жабдығын пайдаланған кезде қосылу орындары мен желдету арналарының жай-күйін тексеру қажет. Жұмыс істеп тұрған жылыту құрылғыларын қараусыз қалдыруға, қолдан жасалған немесе ақаулы электр құрылғыларын пайдалануға болмайды. Пештер мен жылытқыштардың жанына тез тұтанатын заттарды қоюға болмайды.

Жер үйлерде пешпен жылытуға ерекше назар аудару қажет. Пешті жағар алдында түтін мұржасындағы тартудың қалыпты екеніне көз жеткізу керек. От жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға болмайды. Қызып тұрған пештің маңында балаларды қараусыз қалдырмау қажет.

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

-Ең бастысы, үйге автономды өрт хабарлағышын орнату керек. Ол түтін пайда болған жағдайда дер кезінде дыбыстық белгі беріп, өртті ерте анықтауға көмектеседі. Жылыту маусымына дайындық көп уақытты қажет етпейді, алайда өрт қаупін азайтып, үй мен жақындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, еліміздің солтүстігіндежылыту маусымы 25 қыркүйекте басталып кетті.