ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу 2027 жылы педагогикалық бағыттан басталады

АСТАНА. KAZINFORM — ҰБТ-ға балама ретінде әзірленіп жатқан жаңа AIT (Admission Insight Test) тестін пилоттық режимде енгізу 2027 жылы педагогикалық бағыттардан басталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова мәлім етті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

— Қазір шетелдік сарапшылармен бірлесіп жаңа қазақстандық AIT тестін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы педагогикалық бағыттарға түсушілер үшін арнайы емтихандар өткізіліп, онда жаңа форматтағы тест тапсырмалары қолданылады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, пилоттық жобаға Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының бірқатар филиалы қатысады.

— Қазір жобаға қатысты мәселелер әлі талқыланып жатыр. Біз екі кезең аясында жаңа форматтың негізгі тәсілдерін айқындадық. Алайда әзірге жаңа форматтағы тест тапсырмалары әзірленген жоқ. Сондықтан оның қалай қолданылатыны және қандай көлемде енгізілетіні туралы айтуға әлі ерте, — деді Гүлжан Жарасова.

Еске салайық, Қазақстандағы Admission Insight Test (AIT) тестін тестология саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі — ETS әзірлеп жатыр.

ҰБТ-ның форматы мен мазмұнын жаңарту жұмыстары 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі