ҰБТ-ны онлайн режимде тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҰБТ-ны онлайн режимде тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

Білім министрінің айтуынша, 2014 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінде еш өзгеріс болмайды. Дегенмен, 2015 жылдан бастап аталған жүйеге жаңа элементтер ене бастайды.

«Осы бағытта мазмұнды жаңартудағы ауқымды жұмыстар аясында дағды мен құзыреттілікке басымдық барынша беріледі, алайда бағалау жүйесі де мазмұнды қамтуы шарт. Осыған орай, ҰБТ жүйесі жаңғыртылады. 2014 жылы бұл жүйе сол қалпында болғанымен, 2015 жылға қарай жаңалықтар енетіні жоспарланып отыр», - дейді министр. Оның айтуынша, ҰБТ жетілдіру үшін жаңа технологиялар тартылады. «Сонымен қатар, ҰБТ онлайн режимінде, интернетті пайдалану арқылы тапсыру мүмкіндігін де береміз. Бұл халықаралық тәжірибеде бар: SAT, TOEFL, IELTS онлайн-режиммен тапсырылады. Бұндай ҰБТ-ны біз Қазақстанда да енгізуге тиіспіз. Бұдан бөлек, ҰБТ қорытындылары бойынша студенттерді қабылдау үшін жоғары оқу орындары критерийлерді өз бетінше бекіту мәселесін қарауды да жоспарлаймыз. Автономия аясында жоғары оқу орындары студенттер үшін өзара бәсекелесе алады», - деді А. Сәрінжіпов.