Оған қатысатын 32 команда төрт себетке бөлінген. Әрбір топта сынға түсетін клубтар сол арқылы анықталады.
Алғашқы себетте «Бавария» (Мюнхен, Германия), «Севилья», «Реал» (Мадрид) (екеуі де - Испания), «Ливерпуль» (Англия), «Ювентус» (Турин, Италия), ПСЖ (Франция), «Зенит» (Санкт-Петербург, Ресей), «Порту» (Португалия) клубтары бар.
Ал екінші себетте «Барселона», «Атлетико» (екеуі де - Испания), «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Челси» (барлығы - Англия), «Шахтер» (Донецк, Украина), «Боруссия» (Дортмунд, Германия), «Аякс» (Амстердам, Нидерланды) орналасқан.
Үшінші себетке «Динамо» (Киев, Украина), «Ред Булл Зальцбург» (Австрия), «РБ Лейпциг» (Германия), «Интер» (Милан), «Лацио» (Рим), «Аталанта» (Бергамо) (барлығы - Италия), «Олимпиакос» (Грекия), «Краснодар» (Ресей) енгізілген.
Сондай-ақ, төртінші себетке «Локомотив» (Ресей), «Марсель», «Ренн» (екеуі де - Франция), «Брюгге» (Бельгия), «Боруссия» (Менхенгладбах, Германия), «Истанбул Башакшехир» (Түркия), «Мидтьюлланн» (Дания) және «Ференцварош» (Венгрия) топтастырылған.
Естеріңізге сала кетелік, жеребе тарту рәсімі елорда уақытымен 21.00-де басталады. Тікелей телекөрсетілім UEFA ресми сайтында жүргізіледі.
Айта кетелік, топтық кезең ойындары 20 қазанда басталып, 9 желтоқсанда мәресіне жетеді. Ал 1/8 финал 16-17 ақпан және 16-17 наурызда болса, ширек финал 6-7 сәуір мен 13-14 сәуірде ойналады.
Жартылай финалға шыққан командалар 27-28 сәуір мен 4-5 мамырда шеберлік байқасады. Финал 29 мамырда Түркияның Ыстанбұл қаласында өткізіледі.
Биыл Чемпиондар лигасында «Бавария» алтыншы мәрте жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, неміс командасы UEFA суперкубогының иегері болды.