НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін UEFA видеконференция форматында отырыс өткізіп, коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылған футбол маусымын жалғастырудың екі жолын қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ұйымның сайтына сілтеме жасап.
Алғашқы жолы ретінде Еурокубок жалғасқанға дейін Ұлттық біріншіліктерді өткізу ұсынылып отыр. Тағы бір жолы – екі турнирді бір уақытта жүргізе беру. Ал Еурокубок ойындарын тамыз айында жалғастыру жоспарда бар. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде доп додасы «күз-көктем» жүйесі бойынша жүргізіледі. Сондықтан олардың кейбірінде әзірге іріктеу және топтық кезеңге жолдама алған командалар анықтала қойған жоқ.
Биыл Чемпиондар лигасында елордалық «Астана» сынға түссе, Еуропа лигасында Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» және Қызылорданың «Қайсар» командалары ойын көрсетеді.
Айта кетелік, 2019/2020 жылғы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы 1/8 финалда тоқтатылды. Дегенмен Чемпиондар лигасында төрт қатысушы ширек финалға шығып үлгерді. Ал Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі екі турдан кейін уақытша кейінге шегерілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.