UEFA Еуропа лигасы: «Қайрат» «Алашкертке» жол берді
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 0:0 есебі тіркелді. Сондықтан олардың бірі бүгін жеңіске жетуі тиіс болатын.
Ойынның бірінші кезеңінде екі команда бір-бірден гол соқты. Алдымен «Алашкерт» ойыншысы Жозе Эмбало 43-минутта есеп ашса, оған қазақстандық Айбол Әбікен 45-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде Жозе Эмбало 50-минутта тағы бір голдың авторы атанды. Ал 61-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Артур Шушеначев таразы басын теңестірді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 103-минутында армениялық клубтан Александар Глишич қайтадан «Алашкертті» алға шығарды. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 2:3 есебімен жеңілді. Енді қазақстандық клуб Конференция лигасы плей-офф сатысында сынға түседі.
Екі команда 2015 жылы Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында кездескен еді. Өз алаңында қазақстандық клуб 3:0 есебімен жеңсе, сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде қазақстандықтар жарысты жалғастырған.
Алматылық команда биыл еурокубокты Чемпиондар лигасында бастаған болатын. Алматылық команда бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасын (2:0, 1:1) орта жолда қалдырып кетті.
Одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» командасына (2:1, 0:5) есе жіберіп қойды.
Сондай-ақ, бүгін Конференция лигасында Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Словакияның «Жилина» командасымен кездеседі.
Ал елордалық «Астана» өз алаңында Финляндияның КуПС командасынан жеңіліп , жарыс жолынан шығып қалса, Қарағандының «Шахтері» Украинаның «Колос» командасын орта жолда қалдырып кетті.