Уимблдон: Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін бразилиялық Густаво Рибейро де Альмейдамен өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте Әмір сәттірек ойнады – 7:6 (7:5). Екіншісінде де есесін жіберген жоқ – 6:3.

Әмір Омарханов келесі айналымға өту үшін ұлыбританиялық Люк Хупермен таласады.

Қыздар арасында Асылжан Арыстанбекованың жапониялық Рейна Готомен ойыны кейінге қалдырылды. Мұнда бірінші партияда жапониялық теннисші 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Асылжан артығымен есе қайырды – 6:0.

Қазақстандық, әлемнің 222-ракеткасы Дмитрий Попкоға Брашов (Румыния) челленджер турнирінде бір күнде екі матч өткізуіне тура келді. Ол жартылай финалда үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде америкалық Николас Морено Де Альборанды ұтқанымен, екінші ойынға шамасы жетпеді. Сөйтіп финалда әлемнің 214-ракеткасы, боливиялық Муркель Алехандро Деллиен Веласкодан жеңіліп қалды – 3:6, 5:7.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 230-ракеткасы Тимофей Скатов Труа (Франция) челленджер жарысының финалында рейтингіде 400-орындағы франциялық, 18 жастағы Габриэль Дебруға есе жіберді – 3:6, 7:6 (7:1), 5:7. Бұл тартысты бәсеке 3 сағат 25 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Румынияда жарыстың 2-ракеткасын ұтып, финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Босниядағы жарыстың жеңімпазы атанды.