Уимблдон: Елена Рыбакина Серена Уильямстің жетістігін қайталады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы, Елена Рыбакина Уимблдон турнирлерінде жеңіс санының пайызы (87,5) жөнінен төртінші орынға көтерілді.
OptaAce X әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина Уимблдонда әйелдер арасында жекелей сында бұл көрсеткіш бойынша атақты америкалық теннисші, «Үлкен дулыға» жарыстарының 23 дүркін чемпионы Серена Уильямспен теңесті.
Рекорд Энн Хейдон-Джонсқа (92,3 пайыз) тиесілі. Одан кейінгі орындарда Штеффи Граф (91,4 пайыз) пен Мартина Навратилова (89,6 пайыз) орналасқан.
Қазақстандық теннисші Уимблдонға алғаш қатысқан 2021 жылы төртінші айналымға дейін жетсе, одан кейін чемпион атанды. 2023 жылы ширек, өткен жылы жартылай финалда өнер көрсетті.
Биыл Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.
Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алды.