Уимблдон: Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы, 26 жастағы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші ойынын әлемдік рейтингіде кезінде 3-орынға дейін көтерілген, қазір 77-сатыдағы грекиялық, 29 жастағы Мария Саккаримен өткізді.

Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді. Бұл жолы қазақстандық теннисші матчты сәтті бастады – 2:0. Содан кейін сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3. 

Екінші сетті қарсыластар брейк алмасумен бастады. Бұдан соң Елена дес бермеді - 6:1

Бір сағат 2 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Саккари 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, даниялық Клара Таусон немесе рейтингіде 39-орындағы ресейлік Анна Калинскаяның қай жеңгенімен таласады. 

Қазақстандық теннисшінің спорттық жолындағы ең үлкен табысы осы Уимблдонмен байланысты екендігі белгілі. Ол 2022 жылы қазақстандықтар арасында алғаш рет жекелей сында топ жарды. Ал өткен жылы жартылай финалға дейін жетті. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.