АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Анна Данилина миксте Уимблдон турнирінің екінші айналымына өтті.
Америкалық Джеймс Трейсимен бірге жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина алғашқы айналымда ұлыбританиялықтар Эмили Эпплтон — Люк Джонсонмен бетпе-бет келді.
Қазақстандық-америкалық жұп 7:5, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 12 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина — Трейси 4 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Қарсылас дуэт 6 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.
Анна Данилина — Джеймс Трейси ширек финалға шығу үшін франциялықтар Кристина Младенович — Мануэль Гинар немесе индонезиялық Алдила Сутджиади — аргентиналық Гидо Андреосси жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Елена Рыбакинаның орталық кортта қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).