«Өткен жылы Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарында медицина мекемелерінің құрылысына қажетті қаражат толығымен бөлінген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған.
СҚО-ның Мүсірепов атындағы ауданда ұзындығы 53,5 шақырым болатын жол құрылысы былтыр біту керек еді. Бірақ, жоспарланған көлемнен небәрі 26,5 шақырым жол пайдалануға берілген. Демек, жоспардың 50% әлі күнге орындалмай отыр», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Министрлер кабинеті басшысының айтуынша, өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану өте маңызды.
«Бір ауданда бірнеше жоба іске асырылып, басқа ауданда бірде-бір жоба іске асырылмайтын жағдайлар болмауы керек», - дейді ол.
Бұған дейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Ауыл – ел бесігі» жобасына кейінгі үш жылда 326 млрд теңге, биыл 198 млрд теңге бөлінгенін айтқан еді.