Үкімет инфляцияны орта мерзімде 3-4 пайызға дейін төмендетуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есте болса, 2012 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін ел азаматтарының өмір-тіршілігі қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыруды тапсырған болатын. Алайда, жүктелген мерзімде бұл тапсырманы орындай алмаған Министрлер кабинеті бүгін ғана рұқсат беру заңнамасының жаңа қағидаттарын енгізуді көздейтін құжатты мақұлдады.

Отырыста «ҚР Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің атап өтуінше, негізгі заң жобасы үш бөлімнен тұрады. Оған «Лицензиялау туралы» заң толығымен енді. Заң жобасының бұл бөлімі осы саладағы бүгінгі проблемалар ескеріле отырып пысықталды. Сондай-ақ, заң жобасына «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР Заңынан хабарламалар туралы ережелер толығымен енді. Заң жобасының үшінші бөлімі толығымен жаңадан жазылған және лицензия болып табылмайтын рұқсат рәсімдерінің мәселелерін регламенттейді. Заң жобасының қосымшасына 742 құжат енді, оның ішінде 709 рұқсат және 33 хабарлама бар. «Жалпы алғанда, заң жобасы Қазақстанның рұқсат беру жүйесінің бірқатар жүйелік проблемаларын шешуге бағытталған», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, заң жобасы нақты рұқсаттың реттеу нысанының қауіптілігіне байланысты қатаңдылық дәрежесін таңдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бірінші санатқа лицензиялар, екіншісіне барлық өзге рұқсаттар, үшіншісіне хабарламалар жатады. Сонымен бірге рұқсаттарды жүйелеу мақсатында оларды сыныптарға бөлу көзделген. Реттеу нысандарына байланысты рұқсаттар келесі сыныптарға бөлінеді 1-сынып - «қызметке берілетін рұқсаттар». Әдетте, мұндай рұқсаттар кешенді реттеуді қажет ететін ең қауіпті қызмет түрлеріне қатысты лицензиялар болып табылады. 2-сынып - «жеке тұлғаларға кәсіптік қызмет үшін берілетін рұқсаттар». Бұл рұқсаттарды беруде білім деңгейін бағалау және сәйкесінше құжаттарды алқалы қарау қолданылады. 3-сынып - «ресурстары шектелген немесе квота пайдаланатын қызметке берілетін рұқсаттар» квоталауды немесе конкурсты пайдаланумен беріледі. 4-сынып - «нысандарға берілетін рұқсаттар» талаптар негізінен нысандарға қойылатын, ал рұқсаттар иеліктен шығарылатын жағдайларда қолданылады. 5-сынып - «бір реттік рұқсаттар». Рұқсаттар шектелген мерзімге немесе шектелген көлемде беріледі. 6-сынып - «өнімге берілетін рұқсаттар». Нақты өнімге қатысты жеткілікті техникалық реттеуді енгізуде рұқсаттар алынып тасталынады.

«Заңды қабылдаумен, рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптері Заңға қосымшаға көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбесінде тиісті рұқсатты немесе хабарламаны қосу жолымен енгізіле алады»,- деді Б.Жәмішев.

«Заңның қабылдануы Үкімет ресурстарын дұрыс бөлуге мүмкіндік береді. Осыған орай қыркүйекте мемлекеттік бақылау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын, ал жыл соңына қарай өзін-өзі реттеу туралы заң жобасын Парламентке енгізу қажет», - деп отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов 1 сәуірге дейін Өңірлік даму министрлігіне бүгін талқыланған заң жобасын Мәжіліс қарауына енгізуді тапсырды. «Сонымен қатар аталған заң жобалар мәліметтерінің шұғыл ретінде жария етілгендігі туралы Мемлекет басшысының атына хат жобасын әзірлеу қажет. Біз бұл жайында сөйлестік және Мемлекет басшысы бұл мәселеге қолдау білдіреді», - деді ол.

С.Ахметов Сыр өңіріне оң баға берді

Осы аптада Сыр өңіріне сапарлаған ҚР Премьер-Министрі С. Ахметов жұмысын «Қорқыт Ата» әуежайының құрылысы жобасымен танысудан бастады. Одан кейін Сырдария ауданындағы «Мағжан және К» ЖШС-інде болып, серіктестіктің күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты. Келесі кезекте Үкімет басшысы Қызылорда қаласындағы перинатальды орталықтың құрылысы мен өткен жылдың соңында пайдалануға берілген мұз айдыны кешенін тамашалады. Сондай-ақ С. Ахметов ескі автомобиль доңғалақтарынан түрлі қажетті заттар жасайтын зауыттағы жұмыс барысымен танысты. Премьер-Министр сапар соңын облыстық әкімдікте мәжіліспен қорытындылады. Онда Үкімет басшысы Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Жиын барысында облыс әкімі Қ. Көшербаев баяндама жасап атқарылған істер мен алдағы міндеттерді саралап, кейбір түйткілді түйіндерді Үкімет назарына ұсынды. Кеңес соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою ресімі өтті. Құжатқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен компанияның басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қол қойды.

Үкімет инфляцияны орта мерзімде 3-4 пайызға дейін төмендетуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеуде

Осы аптада ҚР Парламенті Сенатына атбасын бұрған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 1, ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев халық қалаулыларына 2 заңды қабылдатып қайтты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттар назарына ұсынған Заң ҚР Неке және отбасы кодексіне және халықты әлеуметтік қамсыздандыру мен азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі 6 заңға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. «Зейнетақы төлемдерінің мөлшерлері осы жылдың басынан бастап арттырылғанын есептегенде базалық зейнетақыны 12 пайызға дейін, еңбек зейнетақыларын 14 пайызға дейін арттыру көзделген. Осыған байланысты зейнетақымен қамсыздандыру туралы ҚР заңына зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын табыстың шамасын ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 39-дан 41 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл зейнетке ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін шығатын азаматтардың зейнетақысын бұған дейін зейнетке шыққан азаматтардың зейнетақы төлемдерімен теңестіруге мүмкіндік береді», - деді министр. Оның атап өтуінше, қабылданатын шаралар базалық зейнетақы төлемі мөлшерін 10450 теңгеге дейін немесе 12 пайызға көтеру мәселесін қарастырса, еңбек зейнетақы мөлшерін 46661 теңге көлемінде қамтамасыз етеді.

Ал Е.Досаев ең бірінші «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттер туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдатты. «Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт абсолюттік мәнде 8 млрд. АҚШ доллары деңгейінде тіркелді. Доллар бағамының 185 теңгеге дейін ұлғаюына байланысты 2014 жылға бекітілген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 1 480 млрд. теңгені құрайды», - деді Заң жобасын таныстыру барысында ол.

Сонымен қатар Е.Досаев таныстырған «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Оның атап өтуінше, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 432,5 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4 361,2 млрд. теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қатысты 408,7 млрд, теңгеге ұлғаюмен 7 124,8 млрд. теңгені құрайтын болады.

«Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында нақтыланған республикалық бюджет жобасында 121,6 млрд. теңге бөлу, оның ішінде ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап: азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10% мөлшеріндегі ай сайынғы үстеме ақыға 63,5 млрд. теңге сомасына; зейнетақылық және мемлекеттік әлеуметтік төлемдері мөлшерлерін 53,4 млрд. теңге сомасына; мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқитын студенттердің стипендия мөлшерін 10 пайызға, жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгеге арттыру көзделген. «Балапан» бағдарламасының аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 6,7 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінетін болады», - деді Е.Досаев.

Е.Досаевтың соңғы таныстырған заңына қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов те пікірін білдіріп, заңның қабылдануы ел экономикасының өсуіне септігін тигізіп, Қазақстанның сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратындығын, импорт көлемінің өсуіне тосқауыл болатындығын баса айтты. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық резервіне, инфляцияға қатысты деректерді алға тартты. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны 6-8 пайыз шегінде ұстап тұруға тырысатындығын баса айтқан ол: «2014 жылғы қаңтарда жылдық инфляция 4,5 пайыз болды. Ақпанда оның деңгейі 5,4 пайызға дейін өсті», - деді.

Төраға орынбасарының атап өтуінше, бұл ұлттық валюта бағамын түзетуге байланысты орын алған. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк 2014 жылдың 1 мамырына дейін инфляцияны орта мерзімде 3-4 пайызға дейін төмендетуге бағытталған шаралар кешенін әзірлемек. Ал аталған шаралар нақты жүзеге асырылатын болса, онда, экономиканың үдемелі өсуі сақталатын болады.

Сондай-ақ елдегі макроэкономикалық тұрақтылыққа алтын-валюта резервтер мен Ұлттық қор толығымен байланысты екендігін атап өткен Қ.Қожахметов: «Осы жылдың басынан бері жалпы елдің халықаралық резервтері 2,5 пайызға ұлғайып, ақпанның соңында 97,6 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді.