13:44, 02 Қараша 2013
ҮКІМЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР: Әкімдер жүріп өтетін көшелерді жауып тастау - барып тұрған заңсыздық - М. Башимов
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Әкімдер жүріп өтетін көшелерді жауып тастау - барып тұрған заңсыздық. Мұндай пікірді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте заң ғылымының докторы, сарапшы Марат Башимов білдірді.
«Кейде қалада қозғалысқа шектеу қойылатындығы турасында естіп қаласың. Әкім өтетін болса, басқалар үшін жолды не үшін жауып тастауы керек? Тіпті, Мемлекет басшысы мұндайға бармайды. Президент экскортының өтуі 1 минуттық іс, болды. Ал әкім келе жатыр деп 30 минутқа дейін жауып тастайды. Кешіріңіздер, бұл дегеніңіз барлық заңдарды тікелей бұзу. Тіпті әкімге экскортпен жүруге болмайды», - деді М.Башимов. Оның атап өтуінше, қала көшелерін негізсіз жауып тастау азаматтар үшін қолайсыздық туындатуымен қатар кейде жол-көлік оқиғасының орын алуына да себеп болып жатады. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 11 қазанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан жол-көлік оқиғасы саны бойынша әлемде 2-ші орында тұрғанын айтып, жол полициясы қызметін сынға алған болатын.