ҰҚК Ақтаудағы әкімшілік полиция басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді растады

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Сүйін Құрмантаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Фото: Lada.kz

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Сүйін Құрмантаевқа қатысты ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тексеру жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Онда полиция подполковнигі танысына 520 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде бергені айтылған.

Осы ақпаратқа байланысты Kazinform редакциясы ҰҚК-ге Сүйін Құрмантаевқа қатысты тексеру немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын, 520 мың теңге туралы мәліметтің рас-өтірігін, сондай-ақ оның ұсталғаны туралы ақпаратты нақтылау үшін сауал жолдады.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

— Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп жауап берді ведомство.

Бұған дейін, ҰҚК биылғы шілде-тамызда 201 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дерегі тіркелгенін хабарлады.