Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Атырау әкімінің орынбасары Тілек Махуов 100 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.
Бұл қомақты қаржы «Атырау қаласының кәріз жүйелерін күрделі жөндеу» жобасына мүдделі компанияның пайдасына өзгерістер енгізуге көмектескені үшін берілген деген мәлімет айтылып жатыр.
Kazinform тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауалхат жолдап, бұл ақпараттың рас-өтірігін сұрап көрді.
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес жария етуге жатпайды, — деп жауап берді ҚР ҰҚК бөлімше бастығы О.Бектенов.
Маусым айында ҰҚК Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғанын, оған қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Дегенмен әкім орынбасары соңғы күндері әкімдіктегі жиындарда төбе көрсетіп жүр.