ҰҚК: Басшылық қызметке тағайындау үшін ақша алатын адамдар тобын ұстады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласы полициясы, ҰҚК Ақтөбе және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерімен бірлесіп, аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа күдікті адамдар тобын ұстады. Бұл туралы ҚазАқпарат комитетке сілтеме жасап хабарлайды.

Өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері деп таныстырып, жоғары лауазымды адамдар атын жамылған теріс пиғылдылар кәсіпкерге 1,5 млн АҚШ доллары сомасы үшін оны мемлекеттік құрылымдардың біріне басшылық лауазымға тағайындау мәселесін шешіп беруді ұсынған.

Олар жалға алынған «премиум-класс» автомашиналарын пайдаланған және жалданған күзеттің ілесіп жүруімен астананың элиталық орындарында кездесулер өткізген.

2022 жылғы 4 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы 30 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражаттың бір бөлігін беру кезінде топтың үш мүшесі және тағы екеуі Ақтөбе мен Балқаш қалаларында ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.