ҰҚК мен Цифрлық даму министрлігі деректердің тарап кету қаупін тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, даркнетте Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы қаупіне қатысты ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Фото: pexels

Оның айтуынша, даркнетте жекелеген адамдар қазақстандықтардың дербес деректері бар базаларға ие екендігі туралы мәлімдемелер шығып тұрады. Алайда, жарияланған материалдардағы ақпарат шындыққа жанаспай жатады.

— Көбінесе мұндай деректер жиынтығын тексерген кезде, олардың ішінен «қоқыс» деректер — әртүрлі фотосуреттер немесе басқа да ретсіз файлдар табылып жатады. Соның арасында Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ деректер жиі кездеседі, — деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Министр Жоғарғы сот деректерінің таралуы мүмкіндігі бойынша тиісті тексеру жүріп жатқанын айтты.

— Бұл тексеруді Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр. Олар ақпараттың мазмұнын зерттейді, — деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін даркнетте Қазақстан Жоғарғы сотына тиесілі деп мәлімделген дерекқорды сату туралы хабарландыру пайда болған еді. Ол үшін 50 000 АҚШ доллары (шамамен 22,2 миллион теңге) сұралған.

SOCRadar компаниясының хабарлауынша, аталған дерекқорда жүздеген миллион жазба болуы мүмкін.

Бұл ретте ҚР Жоғарғы соты осы ақпаратқа қатысты пікірін жариялады.