ҰҚК шекарада 6,9 млрд теңгенің декларацияланбаған валютасын алып өтпек болғандарды тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — ҰҚК Шекара қызметі шетелге ақша қаражатын заңсыз әкету фактілерінің жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: ҰҚК

— Биыл 2 маусымда Атырау облысы «Құрманғазы» өткізу пунктінде тексеруден өту кезінде ҚР азаматының жеке жүгінен 299,6 мың АҚШ доллары табылған. Сонымен қатар, осы жылы 3 маусымда Жамбыл облысы шекарасында жасырын түрде 102,5 млн рубль өткізуге әрекеттенген алты шетел ұсталды, — деп хабарлады құзырлы органнан.

Материалдар процестік шешімдер қабылдануы үшін құзырлы органдарға берілді. Жалпы жыл басынан бері 6,9 млрд теңге сомасына декларацияланбаған валютаны әкетудің 681 әрекеті тоқтатылды.

ҰҚК Шекара қызметі ҚР заңнамасында белгіленген сомадан жоғары (10 мың АҚШ долларынан аспайтын) қолма-қол ақшаны республикадан тыс жерге әкетуге тыйым салынатынын еске салады. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мамыр айында 45 адам жемқорлық бойынша күдікті деп танылғанын жариялаған болатын.