Желіде тараған мәліметтерге қарағанда, шенеунік қарамағындағы қызметкерлер арқылы оң санитариялық қорытынды беру үшін пара алып келген деген күдікке ілінген.
Kazinform редакциясы ҰҚК-ге Мұрат Бейсенбаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеліп жатқанын, оның процестік мәртебесін және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанын нақтылау туралы сауал жолдады. Сондай-ақ іс бойынша басқа да тұлғалардың бар-жоғын және материалдарда заңсыз сыйақының қандай сомасы көрсетілуі мүмкін екенін сұрады.
ҰҚК тек сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сіздердің сауалдарыңызды қарады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды, – деп хабарлады бөлімше бастығы О. Бектенов.
Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 56 жастағы Мұрат Бейсенбаев 2023 жылғы мамырдан Тұран ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын басқарып келеді.
Оның медициналық-профилактикалық және заңгерлік бағыт бойынша екі жоғары білімі бар. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Әр жылдары Түркістан облысының Түлкібас және Мақтаарал аудандарындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларын басқарған. Сондай-ақ Түркістан қаласы мен Шымкенттің Еңбекші ауданындағы бейінді ведомстволарға жетекшілік еткен.
Бұған дейін ҰҚК Астана қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовтың ұсталғанын хабарлаған болатын.