ҰҚК: Сыбайлас жемқорлық бойынша 198 іс тергеліп, 175 іс сотқа жолданды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың ақпан-сәуір айларында 317 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары тіркелді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Фото: gov.kz

— Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану сияқты қылмыстарға қатысты. Қылмыстық істер бойынша 226 адам күдікті деп танылды. 198 қылмыстық істі тергеу аяқталды, оның 175-і сотқа жіберілді. Анықталған залал сомасы (аяқталған қылмыстық істер бойынша) 4,2 млрд теңгені құрады, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі атап өткендей, осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. 

Бұдан бұрын дәрі-дәрмек сатып алу кезінде мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірілгенін жазғанбыз.