ҰҚК Талдықорғанда сот-медициналық сараптама басшысының ұсталғанын растады

АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда сот-медициналық сараптама қызметінің жетекшісі қолға түсті. Ол қайтыс болған адамның туыстарынан пара алды деген күдікке ілінді.

Фото: pexels.com

Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз сыйақы көлемі 200 мың теңге болған. Күдікті бұл ақшаны марқұмның денесін тілмей, мәйітті жерлеу үшін туыстарына тезірек қайтарып беру мақсатында алған деген болжам бар. 

Деректерге сүйенсек, пара беру сәті құқық қорғау органдарының бақылауымен өткен.

Сыйақыны алған бойда күдіктіні Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері тұтқындады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу амалдары жүріп жатқанын растады.

— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге мәліметтерді жария етуге рұқсат жоқ, — деп мәлімдеді ведомство.

Тергеу мүддесіне байланысты істің басқа да мән-жайлары ашып айтылмайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін, ҰҚК Ақтау қалалық тергеу сотының төрағасы Берік Өтеевке қатысты қозғалған іс бойынша ресми түсініктеме берген.